29 Маусым 2019, 13:27
Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларға Президент Әкімшілігінің жаңа Басшысы Қырымбек Көшербаевты таныстырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
«Қырымбек Елеуұлын бәріңіз жақсы білесіздер. Ол елімізге белгілі, танымал азамат. Қырымбек Елеуұлы – түрлі басқару орталықтарында жауапты қызмет атқарған тәжірибелі басшы. Мемлекетіміздің даму жағдайын жақсы біледі. Тапсырылған жұмыстардың бәрін жоғары деңгейде атқарады деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігінің халықтың әл-ауқатын арттыру ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, оның қызметінің негізгі басымдықтарын белгілеп берді.
«Біз сайлауалды тұғырнаманың іс-қимылдар жоспары мен басқа да маңызды бағдарламаларды жүзеге асыруға кірісеміз. Президент Әкімшілігі барлық бастамалардың, бағдарламалар мен стратегиялардың мүлтіксіз орындалуына жауап беретініне көңіл аударғым келеді», – деді Мемлекет басшысы.
Кеңес қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.
Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу